Тарихымыз

1921 жыл. Дүрбелең жылдардың жаңғырығы әлі басылмас да, елдің етек –жеңі жаңа жинала бастаған кезең еді. 1916 жылғы Албан көтерілісі, 1917 жылғы басталған ел ішіндегі Азамат соғысының ауыртпалығы бұрын да езіліп отырған халықты қатты күйзелтіп жібереді. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан жаңа үкімет өзінің жаңа саясатын жүргізе бастады. Әр облыстан, аймақтан сауат ашу мектептері ашылды. Алғашқы сауат ашу мектебі Ақшоқы етегіндегі Түменбай көлінің жанындағы сазға жақын жерге орналасты. Ол кезде 1-2 қазақ үйі тігіліп, шымнан қаланған үй мектеп болды. Тұйық, Кеңбұлақ, Ақтасты, Қарқара, Бөлексаз, Шырғанақ, тағы басқа да аймақтардан жасына қарамай жиналған балалар сауат ашу мектебінде жаз бойы хат танып, жазуды үйренді.
1929 жыл. Жаңа мемлекет саясаты алыстағы ауылдарға да келіп, коллективтендіру, сауатсыздықты жою-яғни ел арасындағы мәдени революция басталды. Жер – жерлерде қызыл отаулар ашылып, жұмыс істеді. 1928 жылы Қарқара ауданы құрылып, бұл жұмыс бұрынғыдан да қауырт қолға алынды. Атақты Қарқара жәрменкесі таратылып, жергілікті халық отаршылдыққа, ауылға тұрақтана бастады.
1938 жыл. Аудан орталығы Кеген селосында ауыл тұрғындарының саны да өсті Бастауыш мектеп осы жылдан бастап жеті жылдық мекепке айналды. Мектептің педагогикалық ұжымы жас кадрлармен толығып, оқу сапасы жақсарды.
1943 жыл. Аудан орталығы Кегеннен Жалаңашқа көшірілді. Аудандық Кеңес атқару комитетінің жаңа ғимараты мектепке беріліп, пансион әрі интернат болды. Ауыл-ауылдағы мектеп жасындағы балалар осы интернатта жатып білімдерін көтерді.
1950 жыл. Мектеп тарихында есте қаларлық жыл. Халық шаруашылығын өркендету жолында, экономика мен елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуда ауданымыздың игілікті шаралар жүзеге асырылды. Осы орайда оқу-ағарту саласына ерекше маңыз берілді. Жеті жылдық мектеп енді Кеген орта мектебі болып, материалдық-техникалық базасы нығайды.
1952 жылы мектепке жоғары оқу орындарын бітірген білімді жастар келді. Осы жылдан бастап он жылдықты бітіргені жөнінде аттестат алған алғашқы түлектері өмірге қанат қақты. Мектеп мұғалімдері ұжымның қатар жылдан-жылға көбейді.
1966жыл. Мектеп өмірін кезең-кезеңге бөліп қарасақ, оның босағасы берік білім ордасына айналғанын көреміз.
1999жыл. Мектеп өмірінде қуанышты сәттер аз болмайды. Мектепке ССРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері Өжек Жаңабаевтың есімі берілуі үлкен оқиға дер едім. Осы мектепке ұзақ жыл ұстаз, мектеп директоры болып, еңбек еткен замандасымыздың есімі берілуі орынды да. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, туған ауылында өмірінің соңғы сәтіне дейін жемісті еңбек еткен Өжек Жаңабаевтың алдынан мыңдаған шәкірттері білім, тәлімді тәрбие алды.
1920 жылдардан бастау алып, өмірдің қилы кезеңдерінде шыңдалған, Кеген өңіріндегі білімнің қара шаңырағы атынан мектеп тарихын айтып, жеткізу оңай емес.
Мектеп тарихы-ұрпақтар өмірі. Кеген орта мектебіне 1921 жылдардан бері, яғни 100 жылдай уақыт өтіпті. |Осы жылдар ішінде мектеп табалдырығын 14 мыңдаған жас түлек аттап, біліммен сусындады, өмірге жолдама алды.